Асылы тұқымды шаруашылық басым бағыт

Шіл 19, 2019

Агросаланы дамытуда басым бағыттың бірі – мал шаруашылығын түлету. Оған мүмкіндік  те мол. Еліміздегі ауыл шаруашылығы жерлерінің 4/3  бөлігін  жайылым алқаптары  алып жатыр.

Мемлекеттік маңызы бар бағыттың дамуына Әулиеата өңірі де өзіндік үлес қосып келеді.  Мәселен, Жуалы ауданындағы «Төлеген» шаруа қожалығы Чехия елінен 64 бас «Симментал» деп аталатын мүйізді ірі қара тұқымын әкелді.

Жамбылдың ет бағытындағы шаруашылық әлеуетінен қазір үміт көп. Өйткені, аймақтың бұған толығымен мүмкіндігі жетеді.  Әсіресе экспорт деңгейімен қарасақ, шаруалардың да діттегені ет бағытын дамытып  қана қоймай, төрт түлікті асылдандыру. Осы істі бір жолға қойған «Төлеген» шаруа қожалығы бұған дейін де «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 200-ден астам мүйізді ірі қара малын алып үлгерген. Ал, әкелінгеніне 2-3 күн болған «Симментал» тұқымды сиырлар ет және сүт бағытын дамытуға сеп болмақ.

2011-ші жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан шаруашылықтың иелігінде 300 гектардан астам егістік, 600 гектар жайылымдық жер бар. Сондықтан шаруаның мал басын өсіруге мүмкіндігі мол. Ал, облыс бойынша бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Бұдан бөлек, Жуалы ауданы бойынша 43 мың бас сауылатын сиыр бар болса, сүт өңдейтін 4 зауыт бар. Ал, жыл басынан бері «Сыбаға» бағдарламасы бойынша аталған ауданда 3 шаруа қожалық сиыр сатып алған.

Еуропаның Чехия елінен алып келінген мүйізді ірі қараның Жуалы жеріне жерсініп кетуіне мүмкіндік мол. Өйткені екі жақтың ауа-райы, климаттық ахуалы ұқсас. Ал, Жамбыл облысына биылғы жылы 4 мың  бас асыл тұқымды мал әкелінеді деп жоспарланса, қазіргі уақытта соның 3 мыңы орындалған. Алдағы уақытта қалған мың басы тасымалданады деп жоспарланып отыр.

http://taraztv.kz/kz/news/society/asyl-tukymdy-sharuashylyk-basym-bagyt

Egov