Иордания королі ЭКСПО-2017 көрмесіне келеді

Астана қ. 12 қаңтар 2017 ж.

Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының Басқарма басшысы Ахметжан Есімов ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Иорданияның ұлттық секциясының Комиссары Мұхаллад Әл Омари және Иорданияның ҚР Төтенше және өкілетті елшісі Ахмед Идрис Инабпен кездесті.

Басқосу барысында екі жақ ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық мәселелерін талқылады. Ахметжан Есімов қазіргі таңда халықаралық қатысушыларға павильондарды тапсыру жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Бүгінде 10 мемлекет өз павильондарын алып, тақырыпқа сәйкес мазмұндық толтыру жұмыстарына кірісті.

Өз кезегінде Мұхаллад Әл Омари Иордания Хашимиттік Корольдігіне ұсынылған павильон және Астанада өткізілетін көрмеде баламалы энергия көздері бойынша өз ұсынымдарын көрсетуге берілген мүмкіндік үшін алғысын білдірді.

«Бүгін біз Иордания павильонын көріп шықтық, Көрме ұйымдастырушыларының атқарған ауқымды жұмысы көрініап тұр. Біз жақын арада павильонды безендіру жұмыстарына кірісетін боламыз» — деді Иордания ұлттық секциясының комиссары.

Сондай-ақ, ҚР Иорданияның елшісі Ахмед Идрис Инабтың айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесі өткізілу барысында Қазақстанға Иордания королі келіп, өз мемлекетінің ұлттық күнін атап өту шарасына қатысатын болады.

Кездесу соңында көрмеге қатысу келісімшарты мен павильон тапсыру құжаттарына қол қойылды.

Бүгінгі таңда ЭКСПО-2017 көрмесіне 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым қатысатындығын растады.

***

Қосымша ақпарат үшін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ  Қоғаммен байланыс департаментіне хабарласыңыз.: тел.: +7(7172) 938765, e-mail: pr@expo2017astana.com, www.expo2017astana.com