Шаруалардың қарызы наурыз айының соңына дейін өтеледі

Ақп 5, 2020

Бұған дейін өңіріміздегі қант қызылшасын өcіруші шаруашылықтардың Меркі қант зауытынан өткен жылы өткізген тәтті түбір үшін әлі күнге дейін қаржыларын ала алмай жүргені және зауыттың шаруашылықтардың алдындағы қарызы 1,0 млрд. теңгеден асып кеткені айтылған болатын.
Осыған байланысты аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес Меркі ауданында арнайы жиын өтіп, онда зауыт басшылығының ұсынысымен, шаруалардың келісімімен қарызды төлеудің арнайы кестесі бекітілді.
Зауыт басшылығы бүгінгі күні 96 шаруашылықтың қарызы қайтарылғанын және қалған 54 шаруашылықтың қарызы бекітілген кестеге сәйкес төленетін атап өтті. Өз кезегінде диханшылар кестеге сай наурыз айының соңына дейін 1 009,0 млн. теңге толық төленбеген жағдайда, 1 сәуірден бастап 0,1 пайыз көлемінде үстеме қаржы төлеуді ұсынды. Оған зауыт басшылары келісімдерін беріп, ортақ шешімге келді. Себебі, 2019 жылы «Меркі қант зауыты» ЖШС-гі мен тауар өндірушілер арасында жасалған келісім-шартта қант зауыты қабылдау актсіне қол қойылған күннен бастап 90 күн ішінде қаражатты төлеуі және белгіленген күннен асқан жағдайда күніне 0,01 пайыз көлемінде үстеме қаржы төлеуі тиіс деп көрсетілген.
Айта кету керек, былтырғы жылы 5,494 мың гектар қант қызылшасынан 173,7 мың тонна өнім алынып, оның 136,2 мың тоннасы қант зауыттарына өткізілді. Өткізген өнімнің әр тоннасына облыстық бюджеттен 12,0 мың теңге бөлініп, 177 шаруашылыққа 1 млрд. 512 млн. теңге субсидия төленді.

Egov